Түркістан облысының әкімі шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Кездесу барысында өңір аумағында логистикалық орталық ашу мәселесі талқыланды. Облыс әкімі өңірдің инвестициялық және транзиттік-логистикалық әлеуеті зор екенін жеткізді.
Шетелдік компания өкілі Түркістандағы әуежай арқылы Еуропаға 2 мың тонна тауар тасымалдағанын, биыл бұл көрсеткішті ұлғайтуды жоспарлап отырғанын айтты. Сонымен бірге Түркістанды халықаралық логистика хабы ретінде дамытуға қызығушылық танытты. Ендігі ретте осы өңірден тауарды сақтайтын, арнайы буып-түйетін логистикалық орталық салу көзделіп отыр. Тараптар Түркістан облысының географиялық орналасуы мен транзиттік әлеуетін тиімді пайдалану, көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту жайын сөз етті. Облыс әкімі өңір басшылығы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтіп, мұндай ірі жобалар аймақ экономикасының дамуына серпін беретінін жеткізді. Кездесу қорытындысында қос тарап жобаны нақтылау, алдағы ынтымақтастықты жалғастыру жөнінде уағдаласты.
