Түркістан облысында жылына 25 мың тонна қызанақ беретін, Қазақстандағы ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешені іске қосылмақ. Жоба тек көкөніс өсіріп қоймайды — 800 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, өңірді агроиндустриялық хабқа айналдыруды көздейді. Келес ауданы Ақтөбе ауыл округінде еліміздегі ең ірі өнеркәсіптік жылыжай кешенінің құрылысы қарқынды жүргізілуде.Жобаның жалпы аумағы 51 гектарда қамтыды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров компания құрылтайшысын қабылдап, жобаның іске асу барысын талқылады. Аймақ басшысы бұл кешен өңірдің агроөнеркәсіптік дамуына серпін беретін стратегиялық жоба екенін атап өтті.
Жылыжай кешені Нидерландтан әкелінген заманауи жабдықтармен қамтылған. Қазірдің өзінде 40 гектар аумақта металл конструкциялар орнатылып, бірқатар блоктар іске қосылған.Жобаның жалпы инвестициялық құны — 42 млрд теңге. Қаржыландыруды «Қазақстанның Даму банкі» қолдаған. Компания өкілдерінің айтуынша, болашақта кешен аумағын 500 гектарға дейін кеңейту жоспарланып отыр. Бұл аймақ экономикасына жаңа серпін бермек.
Жылыжай кешенінің ресми ашылуы көктемге жоспарланған. Жылыжай жылына 25 мың тонна қызанақ өндіруге қауқарлы. Бұл — ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз етуге және импортқа тәуелділікті азайтуға бағытталған нақты қадам. Сонымен қатар жергілікті тұрғындарды оқыту, кадрлардың біліктілігін арттыру да жоба аясындағы басты басымдықтардың бірі.
