САРЫАҒАШТА АЙНАЛМА ЖОЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БИЫЛ БАСТАЛАДЫ. ҚР Көлік министрлігі Автомобиль жолдары комитеті мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдерді қолға алды.Жобаның жалпы ұзындығы 102 шақырым. Жол 4 жолақты болып салынады және республикалық маңызы бар А-15 автожолына балама бағыт болмақ. Бұл Сарыағаш қаласы мен оған іргелес аумақтардағы көлік жүктемесін азайтып, транзиттік көліктердің кедергісіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Айналма жолдың құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарланып отыр. Жоба өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Жұрт жылдар бойы күткен жаңалық туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың V отырысында айтқан болатын. Сарыағаш қаласы маңындағы көлік қозғалысының тығыздығына назар аударып, мәселені шешу үшін айналма жол құрылысын бастауды тапсырды.
