Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары барысында Парламенттегі «AMANAT» фракциясының мүшелері Ордабасы ауданына арнайы ат басын бұрды. Бадам ауылдық округіндегі «Бадам» индустриалды аймағында жаңадан ашылған орталық Азия алюминиум компания серіктестігінің жұмысымен танысты.
Алюминий профильдерін өндіретін заманауи кәсіпорын бүгінде өңір экономикасына серпін беріп отыр. Алғашқы кезеңде зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 20 мың тонна өнім шығаруға есептелсе, екінші кезеңде бұл көрсеткішті 10 мың тоннаға арттыру жоспарланған. Сондай ақ мұнда 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жобаның алғашқы кезеңіне 4,4 миллиард теңге инвестиция құйылған. Кәсіпорында шығарылатын өнімнің басым бөлігі шетел нарығына жөнелтіледі. Бұл – отандық өндірістің экспортқа жол ашып, ел экономикасына валюталық түсім әкеліп отырғанының айқын дәлелі.
Құрылысы сапалы, технологиясы озық зауытта соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар орнатылған.жаңа кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, индустриялық дамуға тың серпін бермек.
