УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

БІЛІМ САЛАСЫНА ЖАСАЛҒАН ЖАҒДАЙ ЖАҚСЫ: ДЕПУТАТТАР АУЫЛ МЕКТЕПТЕРІН АРАЛАДЫ

Ордабасы ауданының Шұбарсу елді мекенінде 600 орындық заманауи мектеп ашылған болатын. Оқу жағдайын өз көзімен көру үшін Парламенттегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері арнайы келіп, мектептің мүмкіндіктерімен танысты.

Халқы тығыз орналасқан Шұбарсу – облыстағы ең ірі ауылдардың бірі. Бүгінде мұнда 50 мыңнан астам тұрғын бар. Ал 15 мектепте 12 мыңнан аса оқушы білім алып жүр. Сондықтан бұл ауылдағы әрбір жаңа мектеп – жай ғана ғимарат емес, болашаққа салынған инвестиция деуге болады. Айта кетейік Жаңа білім ордасының құрылысына 2 миллиард 723 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалған. 2023 жылы басталған құрылыс биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді. 2,6 гектар аумақты алып жатқан, үш қабатты мектепте оқушыларға қажеттінің бәрі қарастырылған. Кең асхана, оқу залы бар кітапхана, спорт және акт залдары, медициналық пункт пен заманауи жабдықталған сыныптар – мұның барлығы сапалы білім мен жайлы оқу үшін жасалған.

Мектеп тек оқушыларға ғана емес, ауыл тұрғындарына да мүмкіндік сыйлап отыр. Мұнда 70-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Сапар барысында халық қалаулары бастауыш сынып бөлмелерін, шеберхананы, кітапхана мен спорт залын аралап көріп, мектептің материалдық-техникалық базасына жоғары баға берді.