УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ: ШЫМКЕНТТІК КӘСІПКЕРЛЕР МӘСЕЛЕСІН ЖІПКЕ ТІЗДІ

Screenshot

Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасында кәсіп иелерінің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында бюджетті атқарудың және кассалық қызмет көрсетудің жаңа қағидалары айтылды. Яғни, ағымдағы жылдың 20-шы маусымынан бастап ҚР Қаржы министрінің «2025 қаржы жылына арналған бюджетті атқару және оған кассалық қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы» №272 бұйрық күшіне енді. Бұйрықта енді мемлекеттік мекемелер мен оларға қарасты ұйымдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға қаржылық қызметті «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі көрсетеді. Демек, кәсіпкерлер төлемдер мен құжаттар үшін бұрынғыдай қағаз тасып, қолмен алып барып жүрмейді. Бірақ, кәсіп иелері бұл цифрлық құжаттың қолданылу кезінде төлемдердің кешігуін алға тартты. Бұл дегеніміз, мемлекеттік мекеме тапсырыс беріп, кәсіпкер жұмысыни бітіріп бергенімен төлем жасау үшін құжаттар «Қазыналық-клиент» жүйесіне енгізіледі. Бірақ жүйеде тексеру, бекіту, күту деген сияқты бірнеше кезеңнен өтеді. Нәтижесінде төлем кешігуі мүмкін, ал бұл кәсіпкер үшін айналым қаражатының тоқтап қалуына әкеледі.
Бүгінде Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасынан бұл мәселе жайлы министрлікке сұрақ жолданып, жауап күтуде екен. Айта кетейік, дәл осындай кәсіпкерлердің бұйрыққа келіспеуі үшінші мегаполистен басқа қалаларда көтерілмепті.