Шымкент гарнизонында әскери дайындықтың ерекше кезеңі өтті. Жуырда әскер қатарына шақырылған жас сарбаздар алғаш рет танкіге қарсы тұру элементтерін пысықтады. Оқу-жаттығу барысында сарбаздар окопқа жасырынып, өз үстілерінен ауыр әскери техниканың өтуін бастан кешті. Бұл жаттығу — жас жауынгерлердің рухын шыңдап, бойларындағы қорқыныш пен қобалжуды жеңуге бағытталған маңызды тәжірибе. Сонымен қатар, сарбаздар алғаш рет қолдарына нағыз қару ұстап, оқ-дәрі иісін, сезінді. Бұл сәт олардың жадында ерекше әсер қалдырды — нағыз жауынгердің алғашқы тәжірибесі, жауапкершіліктің және Отан алдындағы борыштың салмағын сезінген сәт болды.
Жаттығудың келесі кезеңінде сарбаздар шартты қарсыластың танкісіне қарсы граната лақтыру және атыс жүргізу дағдыларын көрсетті. Дайындық алдында жеке құрамға танкіге қарсы күрестің әдіс-тәсілдері мен қару-жарақты тиімді қолдану жолдары жан-жақты түсіндірілді. Броньдалған техниканың астынан өту немесе оған қарсы тұру — психологиялық тұрғыдан үлкен сынақ. Мұндай жаттығулар сарбаздардың өз күшіне деген сенімін арттырып, нағыз жауынгерлік рух қалыптастырады.
Бұл дайындық сарбаздардың Отан қорғаушы ретіндегі алғашқы үлкен қадамы болмақ.
