Шымкентте «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларына өтінім қабылдау жалғасуда. «Отбасы банкі» арқылы «Наурыз» бағдарламасына құжат қабылдау онлайн жүзеге асады. Ал «Наурыз жұмыскер» санатына кіретіндер банк бөлімшелеріне баруы шарт. Өтінімдерді қабылдау осы айдың соңына дейін жалғасады.«Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» бағдарламалары бойынша бастапқы жарна 2 млн теңгеден басталады. Оған «Баспана маркет» жылжымайтын мүлік порталындағы үйлер беріледі. Ипотекалық бағдарламаға қатысушылар болашақ баспанасын сол сайтта бар тізімнен таңдайды. Бағдарлама тұтас Қазақстан бойынша жұмыс істегенімен бірқатар шектеулер бар. Мәселен, облыс орталықтары мен мегаполистерде міндетті түрде жаңа үйлерді алу керек. Ал моноқалалар мен елді-мекен тұрғындары ескі үйлерді, яғни екінші нарықтағы пәтерлерді де таңдай алады.
Жалпы бағдарламалардың талаптары ұқсас. Басты шарт өзінің, жұбайы немесе жолдасы мен кәмелетке толмаған балаларының атында үй болмау керек. Талаптарға сай келмейтіндерді жүйе автоматты түрде өткізбейді. Бұдан бөлек, банк өтініш берушінің төлем қабілетін тексереді. Конкурстан өткен азаматтарға үйді таңдап, несие рәсімдеуге 6 ай уақыт беріледі. Жалпы бағдарлама 7 жылға шақталған.
