УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

66 СПОРТ НЫСАНЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ: ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТТЫ ДАМЫТУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН

Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі апаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыдарға бұл бағыттағы жұмысты ширатуды тапсырды. Спорт нысандарын салуда тек мемлекеттік бюджет емес, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерді тартуды назарға алу керектігін де айтты. Өңір басшысы облыстағы футбол клубтарын коммерцияландыру жұмыстарын жылдамдату керектігін де ескертті.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, облыста 3 мыңнан астам спорт нысаны тіркелген. Бұл нысандардың 86% ауылдарда, қалғаны қалаларда орналасқан. 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,5 пайызды құрап отыр.

Спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Биыл тапсыру көзделген 102 спорт нысанының 66-сы ел игілігіне берілген. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет арқылы 3 жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізілген.