Созақ ауданында заманауи талапқа сай жабдықталған 200 орындық спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
Обоыс әкімі спорт кешенін аралап көріп, жас спортшылармен кездесті. Доп сыйлап, спортта жеңісті жол тіледі.
Сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов пен ел ағалары сөз сөйлеп, спорт кешенінің ел игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді. Бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып пен белгілі футболшы Таңат Нөсербаев бастаған спортшылар да нысанға жоғары баға берді.
Жоба «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды. Жалпы аумағы 3 гектар болатын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. 200 орындық заманауи спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залдары бар.
Спорттық кешеннің тағы бір ерекшелігі – мұнда жабық бассейн орналасқан. Нысанның ауласында да тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған. Кешен тек кәсіби спортшылардың емес, бұқаралық спортпен айналысатын жастар мен тұрғындардың да салауатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді.
Ашылу салтанатынан соң ересектер арасында кіші футболдан республикалық турнир басталды. Сайыста еліміздің түрлі өңірлерінен келген 13 команда бақ сынауда. Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданында бұқаралық спортты дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда ауданда 2 спорт мектебі мен 1 спорт клубы жұмыс істейді.
