Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жинақтау бекетінде жас сарбаздарды салтанатты түрде әскерге шығарып салу рәсімі өтті. Бұған дейін 240 жас жігіт сапқа қосылса, бүгін олардың қатарына тағы 56 сарбаз
қосылды.
Жас сарбаздардың ішінде 21 азамат – Мемлекеттік күзет қызметінің Құрметті қарауыл ротасына, ал 35-і Талдықорған қаласындағы десанттық-шабуылдау әскери бөлімдеріне аттанады.
Іс-шараға Қорғаныс істері жөніндегі департамент өкілдері, ардагерлер мен ата-аналар қатысты. Олар сарбаздарға сәт-сапар тілеп, Отан алдындағы абыройлы борыштарын адал атқаруға шақырды.
Айта кетейік, күзгі әскерге шақыру науқаны аясында Шымкенттен жалпы саны 1500-ге жуық жас жігіт еліміздің әр түкпіріндегі әскери бөлімдерге жолданады.
