УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“ЖЕР — 2025” ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЕКІ КҮНГЕ СОЗЫЛАДЫ: 4200 АДАМҒА АРНАЛҒАН ШАТЫРЛЫ ҚАЛАШЫҚ ҚҰРЫЛДЫ

Screenshot

Шымкентте республикалық маңызы бар “Жер-2025” командалық-штабтық оқу-жаттығуы басталды. Екі күнге созылатын ауқымды іс-шара төтенше жағдайлар кезінде күш құрылымдарының дайындық деңгейін пысықтауға бағытталған.

Жаттығуға Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі, генерал-майор Рамиль Камалов жетекшілік етуде. Таңғы сағат 08:00-де басталған оқу-жаттығудың алғашқы кезеңінде азаматтық қорғау жүйесінің барлық құрылымдары толық дайындыққа келтірілді.

Төтенше жағдай туындаған жағдайда халықты көшіру және уақытша орналастыру бойынша нақты іс-қимылдар пысықталуда. Осы мақсатта жалпы сыйымдылығы 4 200 адамға дейін жететін шатырлы қалашық құрылып, республикалық және қалалық жедел штабтар өз жұмысын бастады. Жаттығу аясында Шымкенттегі “Қызғалдақ” көпсалалы кешенінде ресми ашылу рәсімі өтіп, азаматтық қорғау қызметтері сапқа тұрды.

“Жер-2025” оқу-жаттығуының басты мақсаты — зілзалалар мен техногендік апаттар кезінде мемлекеттік органдар мен құтқару құрылымдарының іс-әрекеттерін үйлестіруді жетілдіру, халықты қорғау жүйесін нығайту, — дейді ұйымдастырушылар. Ел аумағында тосыннан төнетін апаттарға төтеп беру – тек құтқарушылардың емес, тұтас жүйенің сын сағаты. Осы тұрғыдан алғанда, Шымкентте басталған жаттығу ел қауіпсіздігі жолындағы нақты қадам деуге негіз бар.