Түркістан облысында тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ұсыныс-тілектері тікелей бақылауға алынды. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға облыстың қала-аудандарынан келген азаматтар коммуналдық, жер, кәсіпкерлік және өзге де салаларға қатысты түйткілді мәселелерді көтерді.
Жиынға келген бірқатар тұрғын жер телімін заңдастыру және жердің нысаналы мақсатын өзгерту бойынша көмек сұрады. Ал жергілікті кәсіпкерлер өңір экономикасын өркендетуге ниетті. Олар консервтік зауытты модернизациялау және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін мемлекет тарапынан қаржылай қолдау қажеттігін алға тартты. Сонымен қатар, азаматтар моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кешенді зерттеу жүргізу бойынша өздерінің тың жобаларын ұсынды. Тағы бір тұрғын аурухана дәрігерінің жұмысына қатысты шағымын жеткізсе, өзгелері инфрақұрылым мен коммуналдық қызмет сапасына шүйлікті.
Өңір басшысы әрбір мәселені мұқият тыңдап, залда отырған жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне заң аясында тиісті жұмыстар жүргізуді шегелеп тапсырды. Жиын барысында айтылған біраз мәселе созылмай, дәл сол мезетте шешімін тапты. Ал уақытты талап ететін өтініштердің заң талаптарына сай орындалуы әкімнің жеке бақылауында болады. Айта кетейік, Түркістан облысының әкімі мен оның орынбасарлары бекітілген кестеге сәйкес жеке қабылдау жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді. Әкімнің қабылдауына «eOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе Азаматтарды қабылдау орталығына тікелей келіп жазылуға мүмкіндік бар.
