Арыс қаласы Қазақстанның теміржол логистикасындағы маңызды хабқа айналмақ. Бұл жерде халықаралық деңгейдегі жетекші өндіруші – француздық «Alstom» компаниясының заманауи сервистік депосының құрылысы қызу жүріп жатыр. нысан еліміз бойынша салынып жатқан төрт сервистік орталықтың бірі. Жобаның жалпы құны – 50 миллион еуро.Құрылыс барысымен танысу үшін Арысқа арнайы делегация келді. Олардың қатарында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, «Alstom» компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе және «Қазақстан темір жолы» өкілдері болды.
Франция Елшісі Сильван Гиоге өз сөзінде бұл бастаманың екі ел арасындағы сенімді әріптестіктің нышаны екенін баса айтты. Ал «Alstom» компаниясының өкілдері депода ең озық технологиялық шешімдер қолданылатынын жеткізді.
Арыс қаласының «Орта дәліз» бойындағы тиімді орналасуы бұл орталықты аймақтық маңызы бар ірі сервис хабына айналдырмақ. Бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге серпін береді.Жоба толық іске қосылғанда, Арыс қаласы заманауи теміржол технологияларының шоғырланған орталығына айналады деп күтілуде.
