УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖЕДЕЛ БАСҚАРУ ОРТАЛЫҒЫ: МЫҢНАН АСТАМ ЗАҢСЫЗДЫҚ ӘШКЕРЕЛЕНДІ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және белгіленген ережелерді сақтау бойынша жұмыстар жүйелі жалғасуда.

Мәселен, жыл басынан бері полицияның Жедел басқару орталықтарына қосылған бейнебақылау камераларының көмегімен облыс аумағында белгіленбеген жерде темекі шегудің 1192 фактісі анықталды. Құқық бұзушыларға қатысты заңнамада көзделген әкімшілік шаралар қабылданды.

Айта кетейік, заманауи цифрлық технологияларды қолдану полиция қызметкерлеріне профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың жолын кесуге мүмкіндік береді.

Бұдан өзге полицейлер Қазығұрт ауданы тұрғынының көше бойына 2 тоннадан астам бетон және өзге де құрылыс қалдықтарын төккенін анықтады. Азаматтың бұл әрекетіне байланысты абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін тиісті шара көрілді.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары 20-дан астам қоғамдық орынды тексерді. Нәтижесінде «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында тәулік ішінде 14 құқық бұзушылық анықталып, тиісті шаралар қабылданды.

Полицейлер тұрғындарды қоғамдық орындарда тазалық сақтап, абаттандыру талаптарын бұзбауға және белгіленген тәртіпті сақтауға шақырады.