Шымкентте күзгі әскерге шақыру науқаны жалғасуда. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне жаңа сарбаздарды шығарып салу рәсімі өткізді. Салтанатты шарада 20 жас азамат ел алдындағы қасиетті борышын Алматы облысындағы Қарасай шекара басқармасына атанады. Әскерге аттану жай ғана міндет емес, бұл ер азаматтықтың сыналатын шағы, жауапкершіліктің үлкен мектебі. Сарбаздардың жүзінен толқу да, мақтаныш та байқалды. Бірі алғаш рет туған жерден ұзап бара жатса, енді бірі ата-баба аманатын арқалап, «Отан үшін» деп ант етуге әзір тұр.
Айта кетейік, осыған дейін күзгі әскерге шақырылым аясында 44 сарбаз шекара қызметіне жөнелтілген. Ал жоспар бойынша, 2 қазанға дейін жалпы саны 200 жас сарбаз сапқа қосылмақ. Бұл – ел шекарасын күзетіп, тәуелсіздіктің мызғымас қалқаны болуға даяр жаңа буынның нақты көрсеткіші.
«Әскер – жас азаматты тәртіпке, төзімге, батылдыққа баулиды. Біз үшін ең бастысы – елдің амандығы мен шекараның бүтіндігі. Бүгінгі жастар сол жауапты істі абыроймен атқарады деп сенеміз», – дейді ұйымдастырушылар. Күзгі әскерге шақыру – жай ғана науқан емес. Ол – елін сүйетін, Отанын қорғайтын азамат қалыптастырудың нақты тетігі. Бүгін сапқа тұрған сарбаздар – ертеңгі ел қорғаушылар, Қазақстанның тыныштығы мен тәуелсіздігінің тірегі.
