УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ЖАҢҒЫРТУДАН ӨТКЕН БАЗАР ЖҰМЫСЫНДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Screenshot

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Шымкент қаласында жаңғыртудан өткен және әлі де модернизация жұмыстары жүргізіліп жатқан базарларға БАҚ өкілдеріне арналған пресс-тур өткізді. Журналистер «Қырғы», «Назым апа», «Авто Нұр» және «Жабық базардың» жұмысымен танысып, жүргізілген өзгерістерді көзбен көрді. Министрлік өкілдерінің айтуынша, аталған нысандардағы құрылыс-монтаж жұмыстары бүгінде 80-85 пайызға орындалған, ал жылдың соңына дейін толық аяқталып, сауда орындары жаңа талаптарға сай пайдалануға беріледі.

Бұл бағдарлама 2025 жылды базарларды жаңғыртудың соңғы жылы ретінде белгіленіп отыр. 2026 жылдан бастап модернизациядан өтпеген сауда орындарының қызметі тоқтатылады. Мұндай қадам ең алдымен тұтынушылардың қауіпсіздігі мен сауда инфрақұрылымының сапасын қамтамасыз етуге бағытталған.

Жаңғырту аясында базарлардың санитарлық-гигиеналық жағдайы түбегейлі жақсартылып, азық-түлік сатылатын аймақтарда желдету жүйелері орнатылған, қоймалар талапқа сәйкестендіріліп, өрт қауіпсіздігі ережелері күшейтіліп, жаңа дабыл жүйелері енгізілген. Сонымен қатар, сауда орындарына келушілер үшін автотұрақтар ретке келтіріліп, жол инфрақұрылымы жақсаруда.

Министрлік өкілдері мұндай шаралар тек саудагерлердің ғана емес, ең алдымен қала тұрғындары мен тұтынушылардың мүддесіне жұмыс істейтінін атап өтті. Жаңғыртудан өткен базарларда өнім сапасы мен қауіпсіздігіне бақылау күшейіп, кәсіпкерлер өз бизнесін ашық әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік алады.

Бүгінде Шымкент қаласында ресми тіркелген 19 базар бар, оның ішінде 7 универсалды және 12 мамандандырылған сауда орны жұмыс істейді. Бұрын қалада 36 базар болса, соңғы жылдары талапқа сай келмеген 17 базардың қызметі тоқтатылған. Өткен жылы «Алаш», «Самал» және «Жаңа шахар» базарлары толықтай модернизациядан өтіп, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда «Авто Нұр», «Қырғы базар», «Назым апа» мен «Жабық базардың» жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Осы жұмыстардың барлығы қаладағы сауда мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп, базарларды заманауи сервистік орталыққа айналдыруды көздейді. Министрлік бұл жоба толық жүзеге асқанда Шымкенттегі сауда орындары тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз жағдай ұсынатын, заманауи талаптарға сай инфрақұрылымға айналатынын айтады.