Түркістан облысында көші-қон заңнамасын бұзу және заңсыз еңбек қызметіне қатысты кезекті дерек тіркелді. Бұл жолы Түлкібас ауданында заңсыз жер қойнауын пайдалану жұмыстарына тартылған 12 шетел азаматы ұсталды. Тәртіп сақшылары тексеру барысында олардың жер қойнауын өз бетінше қазып жатқанын анықтаған. 12 шетел азаматы экскаватор мен жүк көліктерін пайдаланып, тиісті рұқсатсыз ауыр жұмыстар жүргізген. Сонымен қатар олардың елде болу ережелерін сақтамағаны белгілі болды. Қазіргі таңда тәртіп бұзғандардың үстінен әкімшілік іс қозғалып, құжаттар сотқа жолданды. Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқан қабылдаушы тарап та әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құзырлылар мұндай заңсыздықтардың алдын алу және көші-қон тәртібін бақылау жұмыстары әрі қарай да жалғасатынын ескертеді.
