УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

НӨСЕР ЖАУЫН САЛДАРЫ ЖОЙЫЛЫП ЖАТЫР

Сарыағаш ауданындағы бірнеше ауылдың көшелерін су басты. Толассыз жауған жауын салдарынан Дарбаза ауылдық округіне қарасты Дарбаза мен Ердәуіт елді мекендерінде тұрғын үйлердің аулаларына су жиналып, елді мекендерде қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Су ағыны кейін Құркелес ауылдық округіндегі Ақүй ауылына дейін жеткен. Қалыптасқан жағдайға байланысты аудан әкімі Арман Абдуллаев оқиға орнына барып, ахуалмен танысты. Ол жауапты мекемелерге су тасқынының салдарын шұғыл жою, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қалпына келтіру жұмыстарын жеделдету жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Қазір аудан аумағында су сору, су бұру және қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы тоқтаусыз жүргізілуде. Дарбаза, Ердәуіт және Ақүй елді мекендерінде 11 мотопомпа мен 16 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Жұмысқа төтенше жағдайлар қызметінің мамандары, жергілікті атқарушы органдар, полиция қызметкерлері және аудандық мәслихат депутаттары да жұмылдырылған. Мамандар су ағынын Қаратұқым қашыртқысы арқылы Сарыүйсін каналына бағыттап, елді мекендерді су басу қаупін азайту шараларын қолға алған.

Жауапты қызметтердің мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда. Су басқан аумақтарды толық қалпына келтіру жұмыстары жалғасып жатыр, ал аудан әкімдігі ахуалды толық тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралардың қабылданғанын мәлімдеді.