Заман және қаламгер! Шымкентте сөз құдіретін, қалам қуатын қадірлейтін жандар бас қосқан ерекше рухани кеш өтті. Шығармашылық кездесу – қаланың әдеби өміріне жаңа серпін берген, ой мен сезімнің тоғысқан мерекесіне айналды. Шығармашылық кешке қалалық мәслихаттың төрағасы Бахадыр Нарымбетов қатысып, қаламы ұшқыр жазушыларға сәттілік тіледі.
Кеш барысында қаламы ұшқыр қаламгерлер өздерінің жаңа туындыларын таныстырып, оқырманмен сыр бөлісті. Момбек Әбдіәкімұлы өткен өмірдің суреттерін еске салған «Сыр шертемін өткеннен» атты естеліктер жинағын ұсынса, Фатима Забурақызының «Тасжүрек» атты әңгімелер топтамасы адамның ішкі жан дүниесін тереңінен суреттейді. Ал Айгүл Қалтайқызының «Із» атты өлеңдер жинағын ұсынды.
Кеш соңында сахна төріне шыққан ақын-жазушыларға шапалақтың толассыз үні мен оқырманның ризашылығы ерекше әсер сыйлады. Жылы жүздер, шынайы тілектер мен рухани байланыс – бұл кештің басты көрінісіне айналды.
