«Рауан» компаниясы басшылығының жариялаған үндеуі қоғамда қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желіде кәсіпорынды жауып тастамақшы деген ақпарат таралды. Алайда бұл мәлімет шындыққа жанаспайды дейді Дербісек ауылының әкімі.
Иә, Сарыағаш ауданының Дербісек ауылындағы «ТП-32» ауыз су ұңғымасына қатысты мәселе қоғам назарында. Ресми дерекке сәйкес, аталған ұңғыма бойынша барлық мәселелер заң аясында шешіліп жатыр. Бүгінде «Рауан» ЖШС-нің жер учаскесіне қатысты құқық белгілейтін құжаттарының күші жойылыпты.
Тұрғындардың сөзінше, «Рауан» ЖШС-нің мемлекеттік ұңғыманы жалға алғанына 25 жыл болған. Алайда, осы уақыт аралығында келісімшарттағы бірқатар тармақтар өрескел бұзылған.
Сонымен қатар, санитарлық қорғау аймағына қойылатын талаптардың сақталмауына байланысты су ресурстарын пайдалану құқығын ұзарту туралы өтініш қанағаттандырылмаған.
Тұрғындардың сөзінше, ауыз су ресурстары тиісті деңгейде есепке алынбай пайдаланылған. Тіпті ауыз су ұңғымасының санитарлық қорғау аймағына жақын жерден монша салынғанын да алға тартуда. Сөздеріне сенсек, нысан мен ұңғыма арақашықтығы небәрі 14 метр екен.
Ал су халыққа тегін таратылды деген ақпаратқа қатысты дербісектіктердің айтар өз уәжі бар.
Халықтың басты талабы біреу – ұңғыманы мемлекетке қайтарып, суды әділ бөлу.
Шенеуніктер Дербісек ауылындағы ауыз су жүйесі тұрақты жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Қазіргі таңда ауылдағы үш мыңнан астам абонент орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Қосымша су көзі ретінде №2-ТП ұңғымасы пайдаланылып, халық пен кәсіпкерлік нысандардың қажеттілігі толық қамтамасыз етіліп отыр. Мамандардың мәліметінше, «ТП-32» ұңғымасы мемлекет меншігіне қайтарылған жағдайда да тұрғындардың ауыз суға қолжетімділігі шектелмейді. Барлық шешімдер сот актілері мен уәкілетті органдардың қорытындылары негізінде қабылданады. Сала жауаптылары кәсіп орнын жабуды емес, заң аясында жұмыс істеуін ғана сұрануда.
