УАҚЫТ TV
БағдарламаларЖаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ҚЫЗМЕТ БАРЫСЫНДА ҚАЗА ТАПҚАН ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

Түркістан облысының Полиция департаментінде қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларын еске алу рәсімі өтті. Мемориалға гүл шоқтарын қою шарасы ел тыныштығы жолында ерлікпен қаза тапқан полицейлердің рухына тағзым ету мақсатында ұйымдастырылды.

Салтанатты іс-шараға Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров және ардагерлер мен қызметкерлер қатысты.

Жиналғандар қызметтік борышын өтеу кезінде өмірін қиған тәртіп сақшыларының рухына тағзым етіп, мемориалға гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ бір минут үнсіздік жарияланып, қаза болған әріптестердің ерлігі еске алынды. Полицейлердің айтуынша, ішкі істер органдарындағы қызмет жоғары жауапкершілікті, батылдықты және елге адалдықты талап етеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында әрбір қызметкердің еңбегі зор, ал кей жағдайда бұл жол өмірлік қауіппен қатар жүреді.

Қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің ерлігі ел жадында мәңгі сақталып, жас буынға адал қызмет пен Отанға деген берілгендіктің үлгісі ретінде қала бермек.