Түркістан облысында импортқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алды. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте жан-жақты талқыланды. Өңір басшысы шикізатқа тәуелділіктен арылып, дайын өнім шығаратын өндірістерді көбейту, экспорт көлемін ұлғайту және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Жиында өңірдің экспорттық әлеуеті тұрақты өсіп келе жатқаны айтылды. Сандар сөйлесін. Өткен жылы Түркістан облысынан 1 миллион 571 мың тонна өнім экспортталып, көрсеткіш небәрі бір жылда 16 пайызға артқан. Ал биыл, алғашқы төрт айдың өзінде экспорт көлемі 795 мың тоннадан асқан. Бұл, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге көп. Сонымен қатар импорт көлемінің де төмендеу үрдісі байқалады. Қазіргі таңда облыста импортты алмастыру мақсатында еден жабындары, алюминий өнімдері, жіп, скотч, тұрмыстық тоңазытқыштар мен алкогольсіз сусындар шығаратын кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, мата, ауыл шаруашылығы техникасы, құрылыс материалдары және өзге де дайын өнім өндіретін жаңа жобалар жүзеге асырылуда.
Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Соның ішінде құс еті өндірісін арттыру, жұмыртқа өндіретін кешендер салу, ет пен сүтті терең өңдейтін кәсіпорындарды іске қосу жоспарланған.
Жиын қорытындысында облыс әкімі сала жауаптылары мен аудан, қала әкімдеріне импортты алмастыру жұмыстарын жүйелі жүргізуді тапсырды.
