Түркістан облысында халықтың тікелей дауыс беруі арқылы Сайрам ауданының әкімі сайланды. Сайлаушылардың басым бөлігі өз дауысын Мадияр Мұхтарұлы Оразалиевке берген. Енді ол Сайрам ауданының жаңа әкімі. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров аудан активімен өткен кездесуде жаңа әкімді таныстырып, Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес атқарылатын негізгі жұмыс бағыттарын атап өтті.
Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сәбит Реметовтің айтуынша, сайлау үдерісі заң талаптарына сай өткен. Барлық байқаушылар мен сенімді өкілдер тарапынан заңбұзушылықтар тіркелмепті. Сайлау қорытындысы бойынша Мадияр Мұхтарұлына ресми түрде әкім куәлігі табысталды. Облыс басшысы жаңа әкімге өңір экономикасын дамыту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, халықты жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеру, тұрғындардың әлеуметтік сұраныстарына жедел әрі сапалы жауап беру қажеттігін баса айтты.
Айта кетсек, Мадияр Мұхтарұлы Сайрам ауданының тумасы. Еңбек жолын 2003 жылы газ саласында бастаған. 2016–2025 жылдар аралығында Сайрам және Қазығұрт аудандарында әкімнің орынбасары болып қызмет етті. Жаңа әкім өзіне сенім артқан тұрғындарға алғысын білдіріп, жүктелген жауапкершілікті абыроймен атқаруға уәде берді.
Айта кетейік, 2025 жылдан бастап аудан және облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері тікелей сайлау жүйесі арқылы халық дауысымен қызметке келеді. Тікелей сайлау жүйесі саяси реформалардың ашықтығы мен бәсекелестігін арттырады. Бүгінге дейін Түркістан облысының Бәйдібек, Мақтаарал, Созақ және Шардара аудандарында өткен пилоттық сайлаулар сәтті аяқталған. Осы тәжірибе негізінде Сайрам ауданында да демократиялық негізде әкім сайлауы өтті.
