УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫ ЕУРОПА ЕЛДЕРІНЕ БАРЫП ТӘЖІРИБЕ АЛМАСАДЫ

Түркістан облысында білім саласын дамыту, ұстаздардың біліктілігін көтеру бағытында жұмыстар жоспарға сай атқарылуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен мектептердің материалдық базасын жақсарту, білім сапасын жақсартуға басымдық беріліп, жауапты басқарма тұрақты ізденіп, жаңа идеяларды енгізіп жүр.
Осы ретте Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «EdCrunch Academy» білім беру институтының негізін қалаушы Нұрлан Қиясовпен кездесті. Кездесуде білім саласындағы өзекті мәселелер көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Алдағы уақытта Түркістан облысында арнайы жоба енгізіледі деп күтілуде. Осылайша, 50 мектептің директоры мен орынбасарлары оқытылады. Ұстаздардың да біліктілігін көтеріп, білім берудегі тың әдістерді үйретеді. Сонынмен бірге мектеп басшылары Еуропаның елдеріне барып, білім беру мекемелерінде тәжірибе жинайды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев аталған ұсыныс назарға алынып, зерделенетінін жеткізді. Қос тарап осы бағыттағы жұмыстарды тереңірек талдап, талқылау жөнінде уағдаласты. Айта кетейік, өңірде 83 мыңнан астам ұстаз жас ұрпаққа білім мен тәрбие беріп, аянбай тер төгіп жүр. Мемлекет басшысының «1000 көшбасшы» жобасы аясында өңірден 600-ге жуық ұстаз іріктеліп, олардың 46-сы білім саласында басшылық қызметке тағайындалған. «Daryn Teacher» халықаралық жобасы аясында 25 ұстаз Малайзия, Сингапур, Финляндия және Эстония елдерінде тәжірибе жинақтаған. Осы ізденістер нәтижесінде облыстың 152 мектеп түлегі шетелдің беделді жоғары оқу орындарының студенті атанып отыр.