Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған
делегацияняң Өзбекстандағы жұмыс сапары жалғасуда.
Бұл жолы өңір басшысы Хорезм облысының хокимі Журабек Рахимовпен кездесті. Қос тарап туризм саласындағы әріптестікті тереңдету мәселесін көтерді.
Түркістанда жыл сайын 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Әуе қатынасын дамыту мақсатында жеңілдігі бар арнайы бағдарлама да әзірленген. Орталық Азияның екі ежелгі рухани орталығы арасындағы тұрақты әуе рейстері трансшекаралық туризмді дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстан өңірлері арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қосымша серпін береді,- деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде облыс әкімі Түркістан – Хиуа бірыңғай туристік бағытын әзірлеу, екі өңір арасында мәдениет және қолөнер күндерін өткізу, туристер үшін көліктік байланысты күшейту, облыстардың брендтерін халықаралық деңгейде бірлесіп ілгерілету мәселесін көтерді. Сондай-ақ, мәдени байланыстарды нығайтып, туризм саласында тәжірибе алмасу маңызды екеніне де тоқталды.
Ал Журабек Рахимов Хорезмге арнайы атбасын бұрған Нұралхан Көшеров пен облыс делегациясына алғысын білдіріп, өңірлер арасындағы байланыстар нығайып, ортақ жобалар жүзеге асарына сенім білдірді. Түркістан облысының делегациясы Хорезмдегі туристік фирма басшылары мен өкілдерімен кездесіп, келіссөздер жүргізді. Туризмді бірлесе дамыту мәселесін талқылады. Түркістандықтар Хорезм облысының тарихи және туристік орындарын аралап, инфрақұрылымымен, тыныс-тіршілігімен танысты. Туризмді дамыту, саяхатшыларды тарту бойынша пікір алмасып, әріптестікті нығайту жөнінде уағдаласты. Айта кетейік, жыл басынан бері Түркістан облысына 830 мың турист келген. бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.
