Түлкібаста өңдеу өнеркәсібіндегі өсім артып келеді. Жыл басынан бері ауданның жалпы өңірлік өнімі 50 миллиард теңгеден асты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34 пайызға жоғары.
Түлкібас экономикасына тартылған инвестиция көлемі де жоғары. Алты айда негізгі капиталға 18 миллиард теңгеден астам қаржы бағытталған. Сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларында да өсім бар. Осы көрсеткіштердің нәтижесінде Түлкібас ауданы облыс бойынша бірінші жартыжылдық қорытындысымен екінші орынға тұрақтады. Бұл туралы өңір басшысы түлкібастықтармен өткен ашық кездесу барысында мәлімдеді.
Ауданда әлеуметтік нысандардың құрылысы да жалғасып жатыр. Түлкібас кентінде жаңа теміржол вокзалы ашылып, Бақыбек пен Ынтымақ ауылдарында мәдениет үйлері бой көтеруде. Қараағашты ауылындағы мектепке қосымша 150 орындық ғимарат салынып жатыр.
Бұдан өзге Жабағылы мен Машат ауылдарындағы ауыз су жүйелері жаңартылып, іске қосылды. Сонымен қатар 23 елді мекеннің су жүйесіне ағымдағы жөндеу жүргізілді.
Инвестициялық жобаларға да басымдық беріліп отыр. Биыл ауданда жалпы құны 77 миллиард 600 миллион теңге болатын 32 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазірдің өзінде 12 жоба іске қосылып, 113 адам жұмыспен қамтылды.
Өңір басшылығының айтуынша, Түлкібастың әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болады.
