Ордабасы ауданында қағаз және картон қалдықтарын қайта өңдейтін жаңа зауыттың құрылысы басталды. Капсула салу рәсіміне өңір басшысы Нұралхан Көшеров қатысты.
Шұбар ауылында қолға алынған жобаға 1 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Өндіріс іске қосылғанда 20 жаңа жұмыс орны ашылады. «QAGAZPROM» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатқан жоба 5 гектар аумақты қамтиды.
Кәсіпорын жылына 5 мың 875 тонна өнім өндіруге қауқарлы болмақ. Зауытта тәулігіне 190 мың дана өнім шығару жоспарланған. Оның ішінде жұмыртқа салатын лотоктар, стақан ұстағыштар және аяқ киім картоны өндіріледі. Өнімнің 70 пайызы ішкі нарыққа бағытталса, қалған 30 пайызы шетелге экспортталмақ. Осылайша, жоба өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, қалдықтарды қайта өңдеу арқылы экологиялық мәселелерді шешуге де үлес қоспақ.
Қазір нысанда іргетас қалау және қазаншұңқыр дайындау жұмыстары жүріп жатыр. Ал қажетті құрал-жабдықтар Қытайдан жеткізілуде. Жаңа өндірістің іске қосылуы Ордабасы ауданындағы кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Аймақта инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр. Шұбар ауылындағы зауыт та осы бастамалардың бір бөлігі. Қайта өңдеу арқылы қалдыққа екінші өмір беріп, ішкі нарықты отандық өніммен қамту көзделуде.
