УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

«ТАРИХ ПЕН СӨЗ ҮНДЕСТІГІ»: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ МУЗЕЙЛЕР БІРЛЕСТІГІНІҢ КӨРМЕСІ 5 КҮНГЕ СОЗЫЛАДЫ

“Тарих пен сөз үндестігі”! Шымкентте Алматы облысы музейлер бірлестігінің көрмесі ашылды! Бұл жолы шаһар тұрғындары мен қонақтары өткен ғасырлармен тілдесіп, ұлт рухының терең қатпарларына үңілу мүмкіндігіне ие болды.
Хәкім Абай Музей залына кірген сәттен-ақ, тарихтың тынысын сезінесіз. Мұнда Сүйінбай мен Үмбетәлі, Мұқағали мен Дінмұхамед секілді ұлт тұлғаларының өмірінен сыр шертетін жәдігерлер тізілген. Әрбір экспонат – иесінің рухымен, заманының иісімен үндесіп тұр.
Бір шетте Мұқағали Мақатаевтың қолжазбасы мен көзілдірігі, екінші бұрышта Дінмұхамед Қонаевтың жұмыс үстелінен орын алған сирек бұйымдар. Ал Сүйінбай мен Үмбетәлінің домбыра мен жыр дәптері – өткен дәуірдің тірі куәсіндей.

Игі шара Шымкент қалалық музейлер бірлестігінің ұйыидастыруымен өтуде. Сала мамандарының айтуынша, шараның басты мақсаты — бабалар мұрасын ұлықтап, жастардың жүрегіне ұлт рухын ұялату. Себебі музей – үнсіз сабақ, жәдігер – көзге көрінер тәрбие.

Ерекше көрмені қала тұрғындары мен қонақтары 5 күн бойы келіп тегін көре алады . Көрме экспозициясында ақындар мен қоғам қайраткерлерінің өзі тұтынған жеке заттары, сирек қолжазбалары, аудармалары және ұлттық мәдениетке айналған киімдері де қойылған.