УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

САЙРАМ АУДАНЫ: ЕКІ БІРДЕЙ ӨРТ СӨНДІРУ БЕКЕТІ АШЫЛДЫ

Ал осы кезде Түркістан облысының кәсіпкерлері тілсіз жаумен күресуге өз үлестерін қосты. Себебі бизнес иелері Сайрам ауданында екі бірдей жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуына сеп болды. Нысанның салтанатты ашылу рәсіміне қатысу үшін еліміздің Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов арнайы ұшып келді. Жаңа нысандар Сайрамдағы Қарамұрт және Құтарыс ауылдарында орналасқан. Салтанатты ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев те арнайы қатысты. Бұл бекеттер «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында іске қосылған 5 жаңа нысанның қатарында. Олар өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өрт пен төтенше жағдайлардың алдын алуға зор мүмкіндік береді. Шараның ресми бөлімінде өңір басшысы Нұралхан Көшеров ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға тоқталды.

Салтанатты шарада ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов құттықтау сөз сөйлеп, өңірде азаматтық қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарға оң баға берді. Министр ауылдық жерлерде жаңа өрт сөндіру бекеттерін салудың маңыздылығын атап өтіп, Түркістан облысы әкімдігі мен ТЖД қызметкерлеріне алғыс білдірді.

Қарамұрт ауылындағы жаңа бекет 20 мыңға жуық тұрғыны бар Қарамұрт, Низамабад және Аққала ауылдарының тұрғындарын өрт және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға бағытталған. Нысанның ауданы – 300 шаршы метр, жеке кәсіпкердің қолдауымен салынған.

Ал Құтарыс ауылындағы өрт сөндіру бекеті 8 мыңға жуық тұрғыны бар 6 елді мекенді қамтиды. Атап айтқанда, Құтарыс, Қызылжар, Ақарыс, Оймауыт, Жусансай және Аққойлы ауылдарының қауіпсіздігі жаңа нысанның ашылуымен едәуір нығаймақ. Құтарыс ауылдық округінде бой көтерген нысанның жалпы ауданы – 225 шаршы метр. Құрылысы «OZEN» қоғамдық қайырымдылық қорының қолдауымен жүзеге асқан. Жоба құны – 65 миллион теңге.