Киелі Түркістанда оқушылар саны жыл сайын артып келеді. Қазір қалада 83 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Оның 43-і – жекеменшік мектеп. Білім саласының өзекті мәселелері дәстүрлі тамыз кеңесінде талқыланды.
Тамыз кеңесіне қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, облыстық және қалалық білім басқармаларының басшылары, сондай-ақ білім саласының ардагерлері мен ұлағатты ұстаздар қатысты.
Шаһарда жаңа оқу жылына дайындық қызу. Қала мектептерінде бүгінде 60 мыңнан астам оқушы білім алады. Ал өткен оқу жылында шаһарда 3 жаңа жайлы мектеп пайдалануға берілген.
Снх: Жұлдыз
Дәстүрлі тамыз кеңесінде білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби біліктілігін жетілдіру және жасанды интеллектіні оқу үдерісіне тиімді енгізу мәселелері сөз болды. Сонымен қатар оқушылардың қауіпсіздігі мен цифрлық қауіпсіздікке басымдық берілетіні айтылды. Жиында сөз сөйлеген қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ұстаздың орны әрдайым төрде екенін атап өтті.
2025–2026 оқу жылында Түркістан қаласында 200-ден астам оқушы «Алтын белгі» иегері атанған. Бұл – ұстаздар еңбегі мен оқушылар ізденісінің нәтижесі. Жиында оқу-ағарту саласына елеулі үлес қосқан бір топ педагогке құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.
Биыл Түркістанда 5 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл – әр отбасы үшін де, ұстаздар үшін де ерекше кезең.
Жаңа оқу жылындағы басты міндеттердің бірі – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қала басшысы жиында педагогтерге алғыс білдіріп, оқушылардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс екенін қадап айтты. Жиында жаңа оқу жылына қойылатын міндеттер айқындалып, білім сапасын көтеру мен заманауи технологияларды оқу үдерісіне енгізу бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды.
Түркістандағы білім саласы жаңа оқу жылын жаңа міндеттермен бастамақ. Басты мақсат – сапалы біліммен қатар, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасын қалыптастыру.
