Білім – болашақтың берік негізі. Ордабасы ауданында дәстүрлі тамыз кеңесі өтіп, білім саласының өткен оқу жылындағы нәтижелері сараланып, жаңа оқу жылына жоспарлар бекітілді.
«Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» тақырыбындағы жиынға ауданның білім саласының қызметкерлері қатысты. Ұстаздар бұл жиынды ұзақ күтеді. Себебі дәл осы конференцияда жаңа оқу жылындағы жаңашылдықтар айқындалады!
Қазіргі таңда Ордабасы ауданында 77 мектепте білім беру жұмыстары жүргізілуде. Жаңа оқу жылына дайындық аясында мектептердегі материалдық-техникалық база жаңартылып, оқу кабинеттері ретке келтірілуде. Биыл заманауи пән кабинеттерін жабдықтауға 16,3 миллион теңге қаралып, бірқатар кабинеттерге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауданда 860 педагог жас ұрпаққа сапалы білім мен тәрбие береді.
Жиында Ордабасы ауданының әкімі Азат Оралбаев білім саласының ел болашағын қалыптастырудағы маңызын атап өтті.
Сондай-ақ оқу-ағарту саласында елеулі жетістіктерге жеткен ұстаздар мен білім қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, арнайы марапаттар табысталды.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында мұғалімдер өздерінің озық тәжірибелерімен бөлісіп, білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстарын таныстырды. Арнайы пленарлық жиындар да жоспарға сай өткізілді.
Ордабасы ауданындағы білім ошақтары жаңа оқу жылын жаңа мүмкіндіктер мен тың мақсаттарға бағытталған жоспарлармен қарсы алуға дайын.
Айта кетсек, тамыз кеңесі аясында аудан әкімі «Білім саласындағы жетістіктер» көрмесін тамашалап, ұстаздар мен оқушылардың оқу-ағарту бағытындағы жұмыстарымен танысты.
