“Апатты үйдің орнына баспана беруді сұранамыз”! Шымкенттік тұрғындар арнамыздан араша сұрады. Сөздерінше, 2015 жылы Гагарин көшесіндегі 112-үй апатты жағдайда деп танылып, құжаты рәсімделген отбасылар баспана алған. Ал құнттап үлгермеген 10- нан астам отбасы Жангелдин көшесіндегі тұрғын үйге уақытша қоныстандырылғандарын айтады. 2016 жылы болса Өзбек көшесіндегі 40-үйге орналасқан. Алайда осы күнге дейін тұрғындар меншік иесі ретінде растайтын құжат алмағандарына өкпелі. Өз баспанамыз сүріліп кетті, енді реновация бағдарламасы бойынша баспана берілуін сұранады тұрғындар.
Ал тұрғын үй басқарма басшысының міндетін атқарушы баспана тек кезекпен берілетінін айтады. Ал уақытша орналасқан үйден ешкім тұрғындарды шығармайтынын да жеткізді.
Халыққа түсіндірме жұмысын жүргізуге Әл фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев та келді. Ол 10 жыл бұрын құжатты дұрыс рәсімдеу керек екенін айтып, қазір заң аясында баспана тек кезекпен берілетінін тағыда түсіндірді. Тұрғындарға құжатты құнттау үшін құзырлы орган қкілдеріне жүгінуге кеңес берді. Себебі сот шешімі болмаса, 10 жыл бұрын болған жағдайға орала алмайтындарын жеткізді.
Жиналғандар қала әкімі Ғабит Сыздықбековтен көмек сұрады. Сүріліп кеткен апатты үй орнына баспана беру жолын қарастыру туралы өтініштерін жеткізді.
