УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ШЫМКЕНТ ӘКІМІ ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗУДІ ЖАЛҒАСТЫРАДЫ

Screenshot

Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың кезекті көшпелі кездесуі Жиделі шағын ауданында өтті. Жиынға келген жұртшылық өздерінің күнделікті тұрмысын қиындатқан түйткілдерді бүкпесіз айтты. Әсіресе, тұрғындарды жол инфрақұрылымы, қоғамдық көліктің жеткіліксіздігі, жарықтандыру, ауыз су және медициналық орталық секілді әлеуметтік маңызы бар мәселелер қатты толғандырады.

Кездесу барысында зейнеткерлер мен көпбалалы аналар балалардың мектепке қатынау қиындығын, қоғамдық көліктің сирек жүруін сөз етті. Сонымен бірге, спорттық алаңшалардың аздығын алға тартып, тұрғындар жастардың бос уақытын тиімді өткізуге жағдай жасауды өтінді. Сондай-ақ, кейбір көшелерді асфальттау жұмысы сапасыз жүріп жатқанын айтып, қаланың шеткі аумақтары да назардан тыс қалмаса деген ниеттерін жеткізді. Айта кетейік, тұрғындар қала әкімінен көгілдір отынды мемлекет меншігіне өткізуді өтінді.

Әкімдік өкілдері әрбір ұсыныс пен талапты тыңдап, нақты шешімдер қабылданатынын айтты. Ғабит Сыздықбеков жауапты басқармаларға тұрғындардың айтқан мәселелерін бақылауға алып, жоспарлы түрде шешуді тапсырды. Әсіресе, қоғамдық көлікті көбейту, жолдарды кезең-кезеңімен жөндеу және инженерлік желілерді тарту жұмыстары күн тәртібіне қойылды. Кездесуде тек мәселе ғана емес жергілікті азаматтардың қолдауымен әкімге спорт мекемесін салу бойынша ұсыныс та айтылды.

Бұл көшпелі кездесулердің басты мақсаты – халықтың өтініш-тілегін естіп қана қоймай, оны жүйелі түрде шешу. Әкімнің айтуынша, тұрғындардың көтерген әрбір мәселесі қала дамуының ортақ жоспарына енгізіледі. Жиделі шағын ауданында мәселелер өз шешімін оңтайлы шешілуде екен. Оған дәлел кездесу көпке созылмады. Қала әкіміне ақ жаулықты аналар ақжарма тілектерін айтып, ақсақалдар атқарып жатқан жұмысына сәттілік тілек бата берді.

Осылайша, Жиделі шағын ауданы тұрғындарының талаптары назарға алынып, алдағы уақытта бірқатар нақты жұмыстар қолға алынбақ.