Мемлекет басшысының тапсырмасы орындалды! Шымкенттегі «Достық үйінде» қала жастарына арналған тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи комьюнити-орталығы ашылды. Орталықтың мақсаты – жастардың іс-шара өткізуіне жағдай жасау, уақытын тиімді ұйымдастыруына қолдау көрсету және этносаралық татулықты нығайту.
Жалпы аумағы 500 шаршы метрді құрайтын нысан үш кең залдан тұрады. Онда би алаңы, кітап оқу бұрышы және түрлі басқосуларға арналған аймақ қарастырылған.
Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек пен «Ассамблея жастарының» белсенділері қатысты. Шараға қатысушылар этнографиялық көрмемен танысты әрі орталықтың алдағы жұмысына қатысты өзара ой бөлісті.
Қала әкімінің орынбасары жаңа орталықтың жастар үшін маңызын атап өтті. Өз кезегінде жас буын өкілдері алғыстарын білдіріп, ақсақалдардың батасын алды.
