Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек кезекті баспасөз брифингін өткізді.
Шымкент қаласында 2025–2026 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы, яғни әкімдіктің білім беру гранты 285 орынға бекітіліп отыр. Комиссияның келесі отырысында кадрларды даярлауды іске асыратын жоғары оқу орындарының тізімі нақтыланбақ. Ол үшін жоғары оқу орындарының арасында 7-8 тамыз күндері конкурс өткізіледі. Нәтижесінде, кадрларды даярлауды іске асыратын ЖОО тізімі мен білім беру бағдарламаларының атауы, сондай-ақ, сол бағдарламалар кесіндісінде гранттық орындар саны белгілі болады.
ЖОО-ның қабылдау комиссиясының шешімі негізінде қалалық білім басқармасы тарапынан грант ұтып алған талапкерлерге грантты иеленгені үшін куәлік тапсырылады. Бұл мүмкіндік, әсіресе, республикалық гранттар конкурсынан жеңімпаз бола алмаған талапкерлерге екінші мүмкіндік есебінде жоғары білім алуына жол ашады.
Қала әкімдігінің ресми өкілінің айтуынша, 2025-2026 оқу жылына қаладағы білім беру мекемелерінен 554 286 дана оқулыққа сұраныс жинақталып, қазіргі таңда 2,0 млрд.теңге қаралып, 11 баспамен келісім шарт түзілген. Оқулықтарды жеткізу жұмыстарын биылғы тамыз айының 25-не дейін аяқтау жоспарлануда.
Сәрсен Абайұлының мәліметінше, қазіргі таңда Текесу тұрғын алабында сумен жабдықтау жүйесі іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар қала әкімнің тапсырмасы бойынша жүзеге асырылды. Халықпен кездесулердің бірінде жергілікті тұрғындар ауыз суға тұрақты қолжетімділіктің жоқтығына назар аударған болатын. Жоба 130 абонентті сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталып, 14 шақырым су құбыры жүргізілді. Жұмыстар демеушілер қаражаты есебінен атқарылған.
