Шымкентте бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Бұл жолы ауқымды шара Сайрам тұрғын алабында іске асты. Жұмыссыз азаматтарға арналған жәрмеңкені Шымкент қалалық прокуратурасы мен Еңбек мобильділігі орталығы бірлесіп ұйымдастырған. Іс-шара Қаратау ауданына қарасты Сайрам тұрғын алабындағы Мәдениет үйінде өтті. Жәрмеңкенің басты мақсаты – қала тұрғындарын жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерімен таныстырып, жұмыссыздық деңгейін төмендету. Мұнда 800 ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Оның ішінде медицина мен білім беру салаларында жұмыс көп.
Екі қолға бір күрек іздеп келгендерге тек жұмыс ұсыныстары ғана емес, сонымен қатар заңгерлік және психологиялық кеңестер де берілді. Еңбек инспекторлары жұмысқа орналасу тәртібі, еңбек шарттары мен құқықтары туралы ақпарат ұсынды. Жәрмеңке әсіресе пробация есебінде тұрған және түзеу мекемелерінен босап шыққан азаматтарға үлкен мүмкіндік берді.
Ұйымдастырушылар бұл санаттағы азаматтарды қоғамға қайта бейімдеу, әлеуметтік қолдау көрсету арқылы өмірге жаңа бетбұрыс жасауға ықпал етуді көздейді. Шара соңында бірнеше үміткер сол жерде жұмыс берушілермен алдын ала әңгімелесуден өтіп, жұмысқа орналасуға жолдама алды.
