Түркістан облысында құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған жаңа форматтағы профилактикалық кабинеттер іске қосылуда. Енді барлық қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде азаматтарға кешенді көмек көрсететін арнайы алаңдар жұмыс істейді. Профилактикалық кабинет — ведомствоаралық өзара іс-қимыл орталығы. Мұнда психологтар, наркологтар, әлеуметтік қызметкерлер және өзге де сала мамандары тұрғындармен бірлесіп жұмыс жүргізеді. Негізгі мақсат — құқық бұзушылыққа жол бермей, мәселені ерте кезеңде шешу.Кабинеттерде отбасылық-тұрмыстық жанжалдар, тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, маскүнемдік, буллинг пен девиантты мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық шаралар жүзеге асырылады. Әсіресе отбасы институтын нығайту мен жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу басты назарда.Жаңа тәсіл алғашқы нәтижесін де көрсете бастады. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқық бұзушылық жасаған 17 тұрғынға қатысты профилактикалық шаралар қабылданып, қорғау нұсқамалары шығарылды. Ал 28 азамат профилактикалық есепке алынып, олармен тұрақты түсіндіру және бақылау жұмыстары жүргізілуде.
