Түркістан облысының аудан және қалаларында жалпы 22 шағын өндірістік алаңдар құрылуда. Қазір 200-ден астам өндірістік ғимараттың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұнда жалпы 152 жоба іске асады деп күтілуде. Олардың инвестициялық құны – 212 млрд теңгеден асып жығылады. Осы бағыттағы жұмыстар Түркістан облысы әкімі аппаратының апталық мәжілісінде талқыланды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты мамандарға өндірістік алаңдарды құру жұмыстарын жеделдетуді тапсырды. Сөзінше кейбір аудан, қалаларда жұмыс қарқыны өте төмен.
Шағын өндірістік парктерде орналасатын жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, пластик және резеңке өнімдері, жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп салаларын қамтып отыр. Бүгінде шағын өндірістік алаңдар салу бойынша Сауран, Ордабасы, Шардара, Жетісай, Түлкібас аудандарында белсенділік жоғары. Алдағы уақытта жобалардың ауқымы кеңейтіледі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады, деді сала жауаптылары.
