УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

МОНИТОРИНГТІК ЗЕРТТЕУ: ӨЗЕНДЕРДІҢ ЛАСТАНУ ФАКТІСІ ТІРКЕЛГЕН

Screenshot

Шымкент қаласы арқылы өтетін Қошқар ата, Қарасу, Бадам, Сайрамсу өзендері мен Қосдиірмен, Тоғыс, Текесу, каналдары мониторингтік зерттеуден өткен.

Нәтижесінде өзендердің бастапқы және соңғы нүктелерінде ластаушы заттардың концентрациясы өскені анықталыпты. Мәселен, Қошқар ата өзені бойынша — ластанудың басты себебі өзен жағалауындағы тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне қосылмауы белгілі болды.
Қала аумағындағы тығыз құрылыс, ескі суару желілері мен төгінділер өзен суының сапасына кері әсер етуде.

Шымкент қаласы жыл өткен сайын өсіп келе жатқан мегаполис ретінде экологиялық мәселелермен бетпе-бет келіп отыр. Соның ішінде қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару – бүгінгі күннің басты экологиялық міндеттерінің бірі.

2023 жылдан бастап қаладағы қалдықтар Ақтас елді мекеніндегі, жалпы ауданы 34 гектарды құрайтын қоқыс полигонында қабылданып келеді. Бұл полигон «Шымкент сушар» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгеріміне бекітілген. Шымкент қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі – әлі де дамытуды қажет етеді. Полигонға түсетін қалдықтың басым бөлігі өңдеусіз көмілуі – экологияға ұзақ мерзімді зиян келтіруі мүмкін. Мамандар қалдықтарды сұрыптау қуаттарын ұлғайтып, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті көтеру қажеттігін алға тартуда.