Шымкентте дәстүрлі “Мерейлі отбасы-2025” ұлттық байқауының жеңімпаздары анықталды. Байқаудың мақсаты – қазақстандық отбасының өнегелі құндылықтарын насихаттау, отбасы институтын нығайту.
байқау елімізде қатарынан 12 жыл бойы өткізіліп келеді. Биыл сайысқа қатысу үшін 189 отбасыдан өтінім түскен. Оның ішінен 20 отбасы үздік деп танылып қалалық кезеңге жолдама алған.
Салтанатты іс-шарада Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы құттықтау сөз сөйлеп, қаламыздың бес ауданынан озық шыққан жеңімпаз отбасыларды марапаттады.
Бүгінгі қалалық кезеңде жұмысшы маман иелерінен құралған Нұртаевтар отбасы жеңіске жетіп республикалық байқауға жолдама алды. Сондай-ақ қалалық кезеңде жеңіске жеткен жанұя 1 миллион теңгелік ақшалай сыйлық ұтып алды.
