Шымкентте маса мен өзге де зиянкес жәндіктерге қарсы күрес жұмыстары қарқын алды. Бұл жолы мамандар көпшілік көп баратын “Шымсити” саябағында залалсыздандыру жұмысына білек сыбана кірісті. Шілденің шіліңгір ыстығы мен ылғалдылығы көбелекке де, масаға да таптырмас мезгіл. Ал тұрғын үшін бұл жайсыздық,тіпті кейбірі үшін – аллергия, тіпті ауруға дейін апаратын қауіп. Мұны жауаптылар жақсы түсінеді. Сондықтан да дезинсекциялық өңдеу жұмыстары жоспарға сай, кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Нысан саны аз емес – 14 саябақ, 37 өзен мен канал, 49 гүлзар мен аллея химиялық өңдеуден өтуде.
Залалсыздандыру жұмысы барысында Улану фактілері жоқ, арыз-шағым түспеген дейді мамандар. Себебі қолданылып жатқан препараттар сертификатталған, адам мен жануарға зиянсыз дегенді айтуда. Тіпті су айдындарына да еш қаупі жоқ екен. Бірақ «зиянсыз» деген сөз – әсерсіз дегенді білдірмейді. Препараттар дәл нысанаға тигенде ғана нәтиже береді. Ол үшін қуыс-қуысты қалдырмай бүркитін арнайы құрылғылар, қорғаныс киімдері мен көліктер жеткілікті. Қазір бұл жұмыстарға 20 техника мен 30 қызметкер жұмылдырылған. Мақсат – зиянкестің ошағын уақытында жойып, тұрғындарға тыныш әрі қауіпсіз орта қалыптастыру болып отыр.
