Шымкенттік медицина қызметкерлері біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды. Мегаполисте ақ халаттыларға арналған төрт күндік тренинг басталды. Оқыту бағдарламасы «Аналар саулығы» бағдарламасы мен «Салауатты қалалар» бастамасы аясында ұйымдастырылуда. Аталған шараға Шымкент, Тараз, Қызылорда қалалары мен Түркістан облысынан келген 35 отбасы жоспарлау және прегравидарлық дайындық бойынша аймақтық үйлестірушілер қатысуда. Айта кетсек, тренинг ҚР Президентінің жанындағы Әйелдерістері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының қолдауымен өтуде.
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын шамамен 400 мың жүктілік тіркелсе, оның әр үшіншісі жоспарланбаған. Әсіресе оңтүстік өңірлерде заманауи контрацепция әдістерін қолдану деңгейі небәрі 36–38 пайызды құрап отыр. Бұл республикадағы орташа көрсеткіштен төмен. Денсаулық сақтау министрлігі биылғы жылдың соңына дейін әйелдерді прегравидарлық дайындықпен қамтуды 45 пайызға, ал заманауи контрацепция қолдануды 50 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта дәрігерлердің біліктілігін арттыру және отбасыларға кеңес беру қызметін күшейту көзделуде.
