Елімізде педагогтардың кәсіби мерекесі 5 қазан күні атап өтіледі. Айтулы күнге орай шымкенттік ұстаз Гүлмира Шералханқызына Мемлекет басшысының Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді. Медальды ұлағатты ұстаз Президенттің қолынан алды. Гүлмира Шералханқызы №47 Тәжібаев атындағы мектеп-гимназиясында 26 жылдан бері жас ұрпаққа білім нәрін беріп келеді. Оның еңбегі ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Ұстаз» платформасы арқылы жан-жақты сарапталып, жоғары бағаланған. Марапат жайлы хабарды мұғалім сабақ үстінде естіп, қатты толқығанын айтады. «Бүгін Астанаға ұшуыңыз керек» дегенді естігенде қандай марапат екенін де білмеген. Ал президент төсбелгіні кеудеме таққанда, ұстаздық мамандығымның қадірін ерекше сезіндім. Кеудемде үлкен мақтаныш кернеді», – дейді мұғалім.
Елордадан оралған Гүлмира Шералханқызын мектеп ұжымы мен шәкірттері әуежайдан арнайы күтіп алып, білім ордасының ауласында қызыл кілем төсеп, концерттік бағдарлама ұйымдастырды. «Мұндай атақ алу – екі есе жауапкершілік жүктейді. Ұжымым мен алғашқы ұстазыма айрықша алғысым бар», – деп бөлісті марапат иесі. Қазақ әдебиетінің құндылықтарын шәкірт бойына 26 жыл бойы сіңіріп келе жатқан ұстаздың әдістемесін оқушылары ерекше ұнатады.
