Шымкент қаласы қоғамдық кеңесінің кезекті жиыны өтті. Жиында шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы, құрылыс сапасы, құқықтық тәртіп пен сәулет саласындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Қоғамдық кеңесте салаға жауапты басқарма өкілдері атқарылған жұмыстың есебін берді. Алдымен Тұран ауданы әкімінің орынбасары баяндама жасады. Сөзінше мұнда инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешімін тауып жатыр. Бүгінде тұрғындарды сапалы электр қуатымен, ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар. Қала халқы үшін қолайлы жағдай жасау – басты назарда екені атап өтілді.
Одан кейін қоғамдық кеңес мүшелеріне құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстың есебі берілді. Жауаптылардың айтуынша, биыл қала аумағында 114 нысанның құрылысы жоспарланған. Соның ішінде 53 нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілсе, қалғаны 2026 жылға өтпелі. Бұл мектеп, балабақша, медициналық мекеме және тұрғын үй сияқты әлеуметтік маңызы бар ғимараттарды қамтиды.
Жиын барысында кеңес мүшелері тек жоспарды тыңдап қана қоймай, қазіргі құрылыс сапасына қатысты сауалдарын да қойды. Әсіресе қалада жаңа мектептер көптеп салынып жатқаны айтылғанымен, мегаполистегі іргелі жоғары оқу орындарының жағдайына кім жауапты деген мәселе көтерілді. Кеңес мүшелері жастардың білім алуына тең мүмкіндік жасау үшін университеттердің жағдайын сұрады.
Отырыс соңында қоғамдық кеңес мүшелері сала басшыларына ұсыныстарын жеткізіп, хаттамаға енгізді. Сондай-ақ, өзекті сұрақтарына жауап алды.
