Кентаудағы Мерекелік думан тек ұлттық тағаммен шектеліп қалған жоқ – алаңға жиналған жұрт ерекше қолөнер бұйымдарын тамашалап, қазақтың бай мұрасымен қайта қауышты. Қолөнершілер өздерінің туындыларын көпшілікке ұсынып, өнердің өмірмен біте қайнасқанын тағы бір дәлелдеді. Атап айтқанда, жануар сүйектерінен жасалған мүсіндер мен бұйымдар жұрттың қызығушылығын тудырды. Табиғатпен үндес, тарихпен тамырлас бұл туындылар нағыз шеберліктің жемісі екені сөзсіз.
Сонымен қатар, түрлі тоқыма бұйымдары, Кентау өңірінен әкелінген ерекше тастарда көрме сөресінен орын алды. Бұл бастама табиғат пен тарихқа қызығушылығы бар тұрғындарға ерекше әсер қалдырды.
Көрмеге арнайы келген қала әкімі Жандос Тасов шеберлердің еңбегін бағалап, әр бұйыммен жеке танысты. Әкім халықпен емен-жарқын сөйлесіп, мұндай шаралардың ел руханиятына қосар үлесі зор екенін атап өтті.
Бұдан өзге, Кенді шаһардан шығатын өнімдер де жәрмеңке ретінде халыққа ұсынылды.
