УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

КЕЛЕС АУДАНЫНДА “КЕЛЕШЕК МЕКТЕБІ” АШЫЛДЫ

Түркістан облысында тағы бір келешек мектебі ашылды. Білім ұясы Келес ауданы, Абай ауылында есігін айқара ашты. 600 орындық №65 жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте спорт залы, мәдениет залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруына арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған. Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді.

Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебі» салынып жатыр. Оның ішінде өткен жылы – 13, биыл 10-нан аса мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жоспар толық орындалмақ.