Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су қатынастары бойынша бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтті. Кездесуде трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп басқару, «Достық» мемлекетаралық каналын жөндеу және су үнемдеу бағытындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды.Тараптар Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында өзен бойына 10 гидробекет қойылады. Оның бесеуі Қазақстан аумағында, бесеуі Өзбекстан жерінде орналасады. Бұл бастама су бөлу үдерісінің ашықтығы мен дәлдігін арттыруға бағытталған.
— Былтыр екі мемлекеттің басшыларының қатысуымен біз трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару және ұтымды пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойдық. Бұл құжат көпжылдық жұмыстың нәтижесі болды, соның арқасында трансшекаралық суды басқарудың келісілген тәсілдерін әзірлеу мүмкін болды. Сондықтан бұл келісімнің қабылдануы тарихи маңызға ие оқиға болды. Келісім Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға елеулі үлес қосады және болашақтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын нақты айқындайды. Біз екіжақты әріптестікті тату көршілік, өзара құрмет және сындарлы диалог рухында одан әрі дамытуға ниеттіміз.
Жиында «Достық» мемлекетаралық каналына жүргізіліп жатқан жұмыстарға да ерекше назар аударылды. Былтыр каналдың бірқатар учаскесінде механикалық тазалау және жөндеу жұмыстары атқарылған. Биыл бұл жұмыстар жалғасын табады. Канал арқылы Түркістан облысының оңтүстік аудандарындағы 140 мың гектар егіс алқабы суарылады.Сонымен қатар тараптар су үнемдеу технологияларын енгізу және осы бағытта тәжірибе алмасу жөнінде келісімге келді. Жобаны Германияның Халықаралық ынтымақтастық қоғамы қолдап отыр. Қазіргі таңда техникалық тапсырма дайындалған.
Жиын қорытындысында екі ел арасындағы су және су-энергетикалық ынтымақтастықты тату көршілік пен өзара сенім негізінде дамытуға уағдаласты.
