УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

“ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА” ҚОРЫНАН ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫ ҮШІН 12 МЛРД ТЕҢГЕ ЖҰМСАЛДЫ

Screenshot

Елімізде әлеуметтік тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Солардың ішінде қоғамға айтарлықтай үлес қосып отырған — «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры. Қордың қайырымдылық жобаларына бөлген қаржы көлемі де қомақты. Бұл қаражат ел аумағындағы әлеуметтік нысандарды қолдауға, денсаулық сақтау, білім беру саласын дамытуға және түрлі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Ал, қордың қолдауымен мегаполисте іске асырылған жұмыстар арнайы баспасөз туры барысында таныстырылды. Алдымен Шымкент қаласында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған №2 оңалту орталығына табан тіредік. Бұл орталық 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мекеме — қалалық денсаулық сақтау басқармасының қарамағына қарайды және мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мұнда тәулік бойы түрлі емдік шаралар көрсетіледі. Емдеу курсы — 15 күн, жолдама портал арқылы беріледі және емделу тегін. Ал қор демеушілігімен орталықта іске асырылған жұмыстар туралы дәрігердің өзі айтып берсін. Бұған дейін жылына 1500 бала оңалтудан өтсе, бүгінде «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен орталық заманауи жабдықтармен толықтырылып, ем қабылдайтын балалардың саны екі есеге артқан. Бұл — ерекше балаларға көрсетіліп отырған зор әлеуметтік көмек.
Баспасөз туры барысында қаладағы ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған қосалқы мектеп-интернатының тынысымен де таныстық. Бұл мекеме — 7 жастан бастап қабылданатын балаларға арнайы бейімделген. 1-сыныптан 10-сыныпқа дейінгі 131 оқушы білім алатын интернатта 20 сынып жұмыс істейді. Биылғы жылы «Қазақстан халқына» қоры аталған білім ошағына 30 миллион теңгеге жуық қаражат бөліп, ұлдар мен қыздарға арналған техникалық шығармашылық кабинеттерін жабдықтады. Мекеменің басты мақсаты — балаларды дербес өмірге бейімдеу, оларды қоғамға әлеуметтендіру.
Халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен елімізде «Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ғылыми орталығы» жобасы жүзеге асуда. Бұл жоба оңалтудың техникалық құралдарын дұрыс таңдауға бағытталған. Бүгінде аталған әлеуметтік жоба еліміздің 4 өңірінде іске асырылып жатыр. Шымкент қаласына жоба 2023 жылы келген. Мұнда алғашқы емделуші 2024 жылы қабылданды. Нәтижесінде, бар болғаны 6 ай ішінде мүмкіндігі шектеулі бала өздігінен қимыл-қозғалыс жасай бастаған. Бүгінге дейін үшінші мегаполисте осы жоба аясында 126 балаға қызмет көрсетілсе. Оның ішінде 88 бала үй жағдайында оңалту көмегін алады. Ал 4 бала толықтай аяққа тұрып, жобадан шыққан. Биыл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының демеуімен орталыққа 202 инновациялық құрылғылар берілген, оның ішінде 197-сі арба, 19-ы тренерлік құралдар.
Шымкент — еліміздің үшінші мегаполисі. Мұнда «Қазақстан халқына» қоры тарапынан бөлінген қаржы көлемі — 12 миллиард 195 миллион теңгені құрайды. Бұл үш жылда берілген қаражат! Оның 10,5 миллиард теңгесі денсаулық сақтау саласына бағытталған. Қоғамдық қор мен қала әкімдігі бірлесе отырып, бүгінге дейін 18 жобаны жүзеге асырған. Олардың ішінде 7 жоба — әлеуметтік нысандарға қатысты. Бұл — мүмкіндігі шектеулі балаларға, ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға көмек көрсетуді мақсат еткен жобалар. Сонымен қатар, қор білім саласын да назардан тыс қалдырған жоқ. Мектеп бітіруші түлектер қор ұсынатын гранттар байқауына қатысу мүмкіндігіне ие. Бұл — жастардың жоғары білім алуына жол ашатын үлкен мүмкіндік. Айта кетейік, Шымкентте екі ангарлық типтегі жаңа спорт кешені пайдалануға беріледі. Бұл жобалар да «Қазақстан халқына» қорының қаржылай қолдауымен жүзеге асуда. Әрқайсысының құны 200 млн теңгені құрайды.