УАҚЫТ TV
Жаңалықтар

ГРАНТ КОНКУРСЫНА ҚҰЖАТ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

Биыл грант конкурсына құжат тапсыру шілденің 13-мен 20-сы аралығында жалғасады. Өтінішті egov.kz порталы арқылы онлайн немесе жоғары оқу орындарындағы қабылдау орталықтары арқылы тапсыруға болады. Бүгінде конкурсқа құжат өткізуге үлгермей қаламыз ба деген талапкерлер мен ата-аналар университет табалдырығын таң атпай тоздыруда. Түсірілім тобымен Мұхтар Әуезов атындағы зерттеу университетінің қабылдау комиссия жұмысымен таныстық. Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы бүгінде таңғы 7 мен кешкі 10-ның арасында талапкерлерді кезекпен қабылдап, құжат тапсыру дәстүрлі түрде өтіп жатқанын айтты. Сондай-ақ, ата-аналарды таңғы төрттен бастап, кезекке тұрмауға шақырды.

Т.Заурбеков: — Бүгінде талапкерлердің саны өте көп. М.Әуезов атындағы ОҚУ күнделікті 1500 талапкерді қабылдау үстіндеміз. Ата-аналар әлеуметтік желідегі әртүрлі жарияланған бейнежазбаларға қарап, түнгі сағат 4-тен келіп кезекке тұруда. Бірақ, ата-аналар кезек ұйымдастырмай-ақ, университет тарапынан қарастырылған электронды кезекке тұра алады. Сонымен бірге, біз қазіргі уақытқа дейін 5500-ден аса талапкердің грант конкурсына өтінішін қабылдадық.

Иә, расымен де құжат тапсыруға келген ата-аналар мен талапкерлер саны көп. Сөздеріне сүйенсек, мұнда Qr код арқылы кезекке тұрып, құжат тапсыру еш кедергісіз өтіп жатқанын айтты.